Павлодарда Семей полигонынан зардап шеккендер қоғамдық көлікте тегін жүрмек
Облыс орталығында Семейдегі полигоннан зардап шеккен 1500-ге жуық зейнеткер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алдағы уақытта Семей полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен зейнеткерлер Павлодардағы қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болмақшы.
Қалалық мәслихаттың депутаттары қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын қоса алғанда, көлік қызметтеріне жеңілдіктер белгілеу туралы мәселені де талқылады. Жиында автобус, трамвайларда тегін жүру мүмкіндігіне ие әлеуметтік санаттар қатарын толықтыру жобасы бекітілді.
Облыс орталығында Семейдегі полигоннан зардап шеккен бір жарым мыңға жуық зейнеткер бар. Оларға автобус пен трамвайда тегін жүрудің уақытын қосымша жариялайды.
Айта кету керек, Павлодарда тегін және жеңілдетілген тарифпен қоғамдық көлікте жүруді қаржыландыру көзі қалалық бюджеттен жасалады. Тізім әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысы негізінде бекітіледі.