Павлодарда Шыңғысхан рөлін сомдаған актердің құрметіне мемориалдық тақта ашылды
Ол Аймауытов атындағы театрдың қалыптасуына едәуір үлес қосқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемориалдық тақта Сейітжан Тәжібаев ұзақ жылдар бойы тұрған Мәшһүр Жүсіп, 270 үйінің қасбетінде пайда болды. Оның ашылуына Сейітжан Тәжібаевтың жақын туыстары, достары және әріптестері қатысты.
Сейітжан Тәжібаев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, дарынды актер. Ол Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Консерваторияның актерлік факультетін тәмамдаған. 1977 жылы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында қызмет еткен. 1990 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында жұмыс істеді.
– Өнер иесі көптеген басты рөлдерді ойнап, халықтың қошеметіне бөленді. 1999 жылы Қарағанды қаласында VII республикалық театрлар фестивалінде Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны» спектакліндегі Шыңғысхан рөлі үшін «Үздік» атанды. Ал 2008 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық фестивальде Э.Филиппоның «Филумена Мартурано» спектаклімен қатысып І орынға ие болған. Байтұрсыновты, Қодарды және өзге де классикалық шығармалардың басты рөльдерін сомдаған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, – деді театрдың баспасөз хатшысы Мұрат Аяғанов.
Актер 2021 жылы 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Биыл өнер иесінің туғанына 75 жыл толып отыр.