Павлодарда Жүсіпбек Аймауытов театры 37-маусымын бастады
Жаңа маусым бірнеше маңызды жобамен басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 37-маусымын «Балам, қашан келесің?» спектаклімен ашты. Арада он күн өткен соң қалада «Ертіс-Баян» II республикалық театрлар фестивалі өтеді.
Өнер ордасының көркемдік жетекшісі әрі режиссёрі Әділет Ақановтың айтуынша, әр маусым ұжым үшін тың ізденістер кезеңі саналады.

– Әр маусым өзінің ерекшелігімен, ізденісімен және толқынысымен біз үшін ерекше құбылыс. Биылғы 37-маусым да сондай маңызды кезең болғалы тұр. Маусымды ашатын спектакльден кейін он күннен соң республикалық театрлар фестивалі өтеді. Бұл қазір республика көлемінде үлкен өнер додасына айналып келеді, – деді ол.
Байқауға қатысуға еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық өнер ұжымы өтінім берген. Іріктеу қорытындысы бойынша 11 шығармашылық топтың үздік жұмысы көпшілік назарына ұсынылады.

Олардың қатарында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры және «Алматы әуендері» КМҚК Асанәлі Әшімов театры бар. Павлодар облысынан фестивальге А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры қатысады.
Ұйымдастырушы тарап болғандықтан, Жүсіпбек Аймауытов атындағы өнер ордасы биыл байқау бағдарламасына өз жұмысын ұсынбайды.

– Биыл біз қатыспауды жөн көрдік. Себебі өзіміз ұйымдастырушы болғандықтан, қонақтарды қарсы алып, фестивальдің дұрыс өтуіне жан-жақты атсалысуды жөн санадық. Ал облысымыздың атынан Чехов театры қатысады, – деді көркемдік жетекші.
Әділет Ақановтың сөзінше, фестиваль өңір тұрғындарына еліміздің әр аймағынан келген шығармашылық ұжымдардың еңбегін бір қалада тамашалауға мүмкіндік береді.
– Театр – жай ғана ойын-сауық емес, адамның рухын, жанын зерттейтін тірі организм. Фестиваль театрдың дамуына, оның бағытын саралауға мүмкіндік береді. Әртүрлі театрларды бір қалада көру – өнер сүйер қауым үшін үлкен мүмкіндік, – деді ол.

37-маусым аясында гастрольдік сапарлар да жалғасады. Қазан айында ұжым Астана мен Қарағандыға барып, репертуарындағы спектакльдерді ұсынуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, облыс аудандарына тұрақты түрде шығу көзделген. Өнер ұжымы ай сайын бір-екі ауданға баруды жоспарлап отыр.
Алдағы айларда бірнеше премьера ұсынылады. Қазір әртістер комедия дель арте жанрындағы жаңа туындыны әзірлеуде. Сонымен бірге, жергілікті автор Жәнкелді Садықовтың пьесасы негізінде спектакль дайындау басталған.
Маусым шымылдығын ашқан «Балам, қашан келесің?» спектаклінің ұжым үшін өзіндік мәні бар. Оған әртістердің 95 пайызы жұмылдырылған.

– Маусым ашылғанда барлық әртіс сахнадан көрінсін деген мақсат болды. Бұл спектакльде аға буын да, орта буын да, жас әртістер де қамтылған. Сондықтан біз үшін оның символикалық мәні бар, – деді Әділет Ақанов.
Алдағы кезеңде көрерменді республикалық фестиваль, гастрольдік сапарлар және бірнеше премьера күтеді. Өнер ұжымы жаңа шығармаларымен қатар, облыс тұрғындарына да өз репертуарын кеңірек таныстыруды көздеп отыр.