Павлодарда синтетикалық есірткі таратқан екі жас ұсталды

Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының тұрғынынан түскен ақпарат негізінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде есірткі бизнесімен айналысқан екі күдікті ұсталды. Жастар психотроптық заттарды көтерме түрде алып, оларды тұтынушылар үшін шағын мөлшерге бөліп, «қаптама» әдісімен қаланың түрлі жерлеріне жасырған.
Тінту кезінде полиция қызметкерлері 277 грамнан астам синтетикалық психотроптық затты тәркіледі. Сонымен қатар, күдіктілердің үйінен электронды таразы мен орау материалдары табылды.
– Ұсталғандар интернет-дүкен арқылы есірткі тарату жүйесінде жұмыс істеген. Қазір қылмыстық іс қозғалды, олар уақытша ұстау изоляторында. Басқа да қатысушыларды анықтау бойынша тергеу жалғасуда, – деді облыстық полиция департаментінде.
Бұл факті жастар арасындағы есірткі қылмысының қауіпті деңгейге жеткенін көрсетеді. Құқық қорғау органдары азаматтарды мұндай жағдайларды байқаса, бірден хабарлауға шақырады.