Павлодарда сотталғандар жазғы спартакиадада бақ сынады

Павлодарда сотталғандар жазғы спартакиадада бақ сынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қатысушылар медициналық тексеруден өтіп, түрлі спорт түрлерінде жарысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, шара №63 мекемесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай өткізілді.

Бекітілген жоспарға сәйкес, жазасын өтеуші сотталғандар арасында ұйымдастырылған бұл жазғы спартакиаданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыруға деген қызығушылықты арттыру және сотталғандар арасында оң әлеуметтік орта қалыптастыру болды.

Спорттық жарыстар басталмас бұрын барлық қатысушылар медициналық тексеруден өтіп, оларға жарысқа қатысуға рұқсат берілді. Мекеме басшысы бекіткен жоспар бойынша жарыстар үстел теннисі, ұзындыққа секіру, турникке тартылу, волейбол, шахмат, дойбы, гір көтеру және қол күресі сияқты спорт түрлері бойынша өтті, – деді департаменттің баспасөз қызметі.

Спартакиада барысында сотталғандар жоғары белсенділік, тәртіп және командалық рух көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға мекеме басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.

Ведомствода атап өткендей, мұндай марапаттар сотталғандар үшін мотивация көзі болып қана қоймай, олардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына оң әсерін тигізуі мүмкін.