Павлодарлық тұрғын алты миллион теңгеден астам қарызы үшін банкрот деп танылды
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қарызын төлей алмай жүрген азаматтың арызын қанағаттандырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін бірінші сатыдағы сот оны банкрот деп танудан бас тартқан болатын.
Сот материалдарына сүйенсек, облыс тұрғыны 2019 жылы отбасылық жиын өткізу үшін несие алған. Алайда уақыт өте келе материалдық жағдайы нашарлап, берешегі 6 344 644 теңгеге жеткен. Қазіргі таңда борышкердің тұрақты табысы жоқ және асырауында екі кәмелетке толмаған баласы бар.
Сот алқасы істі қайта қарау барысында берешек сомасы заңда белгіленген шектен асатынын және қарыздың 12 айдан астам уақыт бойы төленбегенін анықтады. Сондай-ақ азамат бұрын банкроттық рәсімін қолданбаған болып шықты.
Бұған дейін қаржы басқарушысы банкроттыққа негіз жоқ деген қорытынды берген еді. Бірақ сот бұл шешімді негізсіз деп тапты, себебі қарыз сомасы қате есептелген. Борышкердің қасақана төлемей жатқаны туралы ешқандай дәлел табылған жоқ.
Сот жұмыстың немесе табыстың болмауы банкроттықтан бас тартуға негіз емес екенін баса айтты. Тұрғынның жағдайы объективті себептерге байланысты қиындағаны және бұған дейін міндеттемелерін тиісті түрде орындағаны ескерілді.
Қорытындысында облыстық сот бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойып, азаматты банкрот деп тану туралы жаңа шешім шығарды.
Сот актісі заңды күшіне енді.