Павлодарда спорт алаңы ашылды
Республика күні қарсаңында № 27 мектепте жергілікті бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеуден кейін спорт алаңының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Қазақстан және Павлодар футболының ардагері, Қазақстан Республикасының ұлттық футбол құрамасының алғашқы капитаны, «Қайрат - Алматы», «Ертіс» командаларының футболшысы Ойрат Сәдуов, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің өкілдері қатысты. № 18, 23, 27 мектептердің командасы жаңа алаңдарда футбол және баскетбол ойындарынан өз шеберліктерін көрсетті.
– Айта кету керек, жаңа спорт кешенінде талапқа сай жабдықталған футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жаттықтығумен айналысуға арналған спорттық тренажерлар, жүгіру жолы, гимнастикалық тренажерлар бар, – дейді мектеп басшысы Тимур Онянов.
Білім ордасында 875 бала оқиды. Алаң тек мектеп оқушыларына ғана емес, кешкі 6-дан 10-ға дейін барлық тұрғындар үшін ашық болады. Оқу орнының басшылығы қауіпсіздік үшін еш алаңдамайды, себебі, периметрі бойынша 10 камера орнатылған, олардың екеуі 360 градусқа бұрылады. Сонымен қатар, тіректерде дауыс зорайтқыштар орнатылған.