Павлодарда студенттер үйінің жері сатылған жоқ
Төлемге келіспеген қос тарап сотқа жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетіне тиесілі студенттерге арналған жатақхана жері қалай сатылды?» деген сұраққа жауап берді.
- Ешқандай жер сатылған жоқ. Оған кезінде педагогикалық университет пен құрылыс компаниясы өзара келісімшарт жасасқан. Онда құрылыс компаниясы жатақхана салуға, ал университет жер беруге келіседі. Берілген жерге жатақхана ғимараты салынады. Алайда, екі тарап арасында төлемге келіспеушілік туындаған. Құрылысты өзге мердігер компания сатып алған. Ал қазір осы мәселеге қатысты сот процесі жүріп жатыр, - деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов арты дауға айналған жатақханаға ешқандай студент тұрмағаны, қаңқасы бар құрылыс ғимаратының іске қосылмағанын атап өтті. Қазіргі таңда қос тарап сот шешімін күтіп отыр.