Павлодарда су тарифтері өзгертілді

Павлодарда су тарифтері өзгертілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл өзгеріс инфляцияны тежеуге бағытталған тапсырмалары негізінде, уәкілетті органның бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС уәкілетті органның шешіміне сәйкес, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылатын суды таратушы желілер арқылы беру, сарқынды суды бұру және тазарту қызметтеріне жаңа тарифтер енгізілгенін мәлімдеді.

Тарифтерді өзгертуге ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің 2025 жылғы 19.09.2025 жылғы № 68-НҚ бұйрығы негіз болды. Бұл бұйрық 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бекітілген тарифтерге өзгерістер енгізеді.

Өзгерістердің негізі – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің 2025 жылдың соңына қарай инфляцияны 11%-дан аспайтын деңгейде ұстап тұру туралы тапсырмасы.

– Ауызсуды тарату желілері арқылы берудің орташа тарифі 213,54 теңге/м³ құрайды. Бұл қызмет үшін жеке тұлғалар (суды есептеу құралы бар немесе жоқ) 97,01 теңге/м³ төлейді, бюджеттік ұйымдар үшін тариф 950,7 теңге/м³ болып бекітілген, ал басқа тұтынушылар 353,33 теңге/м³ төлейді. Техникалық суды тарату желілері арқылы берудің орташа тарифі 138,3 теңге/м³ деңгейінде. Бұл ретте жеке тұлғалар (тұрғындар) 33,01 теңге/м³ төлесе, өзге тұтынушылар 147,7 теңге/м³ төлейді. Сонымен қатар, сарқынды суды бұру және тазартудың орташа тарифі 132,74 теңге/м³ құрайды. Бұл қызмет бойынша жеке тұлғалар (тұрғындар) 41,4 теңге/м³, бюджеттік ұйымдар 429,34 теңге/м³, ал өзге тұтынушылар 334,32 теңге/м³ төлейді, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, барлық көрсетілген тарифтер қосымша құн салығын (ҚҚС) есептемегенде берілген.