Павлодарға Наурыз мейрамына Арапбаева мен Абдуллин келеді
Облыста мерекелік іс-шаралар 14 наурыздан басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғамисованың мәліметінше, биыл Павлодарда мереке төменгі жағалау мен Ertis Promenade сахнасында атап өтіледі.
– Онда тақырыптық 10 киіз үй орнатылады. Төменгі жағалауда орнатылатын киіз үйлерді ішкі жабдықтармен Потанин атындағы тарихи-өлкетану, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер, облыстық көркемсурет музейлері мен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана толтырылатын болады, – деді Айгүл Нұрғамисова.
Сонымен қатар, басты сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары Маржан Арапбаева мен Нұрболат Абдулин, сондай-ақ Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері мен қаланың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
– Наурыз айының 21-23 күндері облыстың қала, аудан, ауылдарындағы алаңдарға киіз үйлер тігіліп, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады. Алаңдарда дәстүр бойынша палау, бауырсақ, тәттілер тегін таратылады. Жалпы облыс бойынша 190-нан астам киіз үй тігу жоспарланған, – деді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Сондай-ақ облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың айтуынша, Наурыз мейрамын тойлау кезінде облыстың елді мекендерінде ауылшаруашылық жәрмеңкелері, Аққулыда ұлттық тағамдар фестивалі, Железинде киіз үй тігу бойынша шеберлік сағаттары өтеді. Ал Екібастұзда этносән көрсетілімін өткізу жоспарланған.
Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары 8-22 аралығында өтетін мерекелік шаралардың уақыты мен орнын @madeniet_pavlodar және @ertis_madenieti парақшаларынан көре алады.