Екібастұзда тазалық айлығы жарияланады
Қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту айлығы 16 қыркүйектен 16 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, осы кезеңде аулаларды, саябақтарды, скверлерді абаттандыру, кәсіпорындар мен мекемелердің іргелес аумақтарын жинау ұйымдастырылады. Сондай-ақ 2000 түп көшет пен электр тарату тіректерін, жиектастарды ақтау, жасыл көшеттерді отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
– 16 қыркүйек күні сағат 9.00-де сенбілікке белсенді қатысуға шақырамыз. Коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың күшімен жиналған қоқысты уақтылы шығару және тегін қабылдау ұйымдастырылады, – деді әкімдікте.
Көлік қажеттілігі және қоқысты шығару бойынша өтінімдер 2023 жылғы 14 қыркүйектен бастап 74-05-52, 34-74-68 телефондары арқылы қабылданады.