Павлодарда мас ер адам мүгедек әйелді зорлаған

Павлодарда мас ер адам мүгедек әйелді зорлаған

Жәбірленушінің өкілі айыпталушымен татуласқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының № 2 соты тұрғынжайға заңсыз басып кіру және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау фактісі бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 149-б. 1-б., 120-б. 1-б.).

Жәбірленушінің өкілі мен оның адвокаты келтірілген моральдік зиян өтелгендіктен айыпталушымен татуласқандарын және оған ешқандай талаптары жоқ екенін айтты. Сондықтан ер адамды бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Айыпталушы кінәсін мойындап, әрекетіне өкінді. Оның адвокаты ер адамды шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

– Сот кінәсін толық мойындауын және моральдық зиянның өтелгенін, басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Осыған байланысты, ер адамға ҚК 120-бабының 1-бөлігі бойынша жаза ең төменгі мөлшерде тағайындалды,– деді Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінде.

Сот жәбірленушінің заңды өкілі мен адвокаттың пікіріне қарамастан, шартты жаза үшін негіз жоқ деп тапты.

Бұл ретте сотталушы мүгедек болып табылатын жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып қылмыс жасағаны ескерілді. Сондай-ақ сот жәбірленушінің үйіне оның еркінен тыс түнгі уақытта заңсыз басып кіруден кейін масаң күйде қылмыстың жасалғанын ескерді.

Түпкілікті онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы ер адамға 5 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Ол жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.