Павлодарда тазы мен төбеттің таңдаулы өкілдері бас қосады

Павлодарда тазы мен төбеттің таңдаулы өкілдері бас қосады
Фото: Тілеуберді Сахаба

Қазақы ит тұқымдары «Ертіс-Баян CUP» турнирінде таныстырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20 маусым күні сағат 10:00-де Павлодар қаласының жаңа ипподромында өтетін «ЕРТІС-БАЯН CUP» ұлттық және классикалық ат жарыстары республикалық турнирі аясында қазақы ит тұқымдары — тазы мен төбеттің көрмесі ұйымдастырылады.

— Құмай тазы – Жеті қазынаның бірі, қазақы төбет – Ұлы даланың айбары. Ғасырлар бойы халқымыздың жан серігіне айналған бұл асыл тұқымдар көшпелі өркениеттің бай мұрасын, ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді айшықтайды, – делінген қалалық ішкі саясат берген ақпаратта.

Көрме барысында келушілер тазы мен төбеттің таңдаулы өкілдерін тамашалап, олардың ерекшеліктерімен және тарихымен жақынырақ таныса алады.

Көрме «Альянс» Ұлттық кинологиялық федерациясы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Павлодар қаласы әкімдігі мен «Жасыл ел» Павлодар облыстық штабының қолдауымен өткізіледі.

Өтетін орны Павлодар қаласының жаңа ипподромы (Шарбақты көпірінің арғы беті).

Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын осы жаздағы басты жаңалығының куәсі болуға шақырады.