Павлодарда жылқыны жалға беру қызметі ерекше бақылауға алынады

Павлодарда жылқыны жалға беру қызметі ерекше бақылауға алынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұған себеп – Наурыз мерекесі кезінде орын алған жарақат алу жағдайлары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, негізгі мақсат – айыппұл салу немесе әкімшілік шаралар қолдану емес, қауіп-қатердің алдын алу.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылқыны жалға беретін арнайы орын қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл табыс тапқысы келетіндерге өз қызметін қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Мұндай шаралар балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Адамдар алаңдарға демалу үшін, отбасымен серуендеуге келеді. Осындай сәттерде жылқының күтпеген әрекет жасап, адамды теуіп немесе жарақаттауы мүмкін.

– Нақты жағдайлар бар. Мысалы, 22 наурыз күні Кенжекөл ауылында кәмелетке толмаған бала жылқыға мініп жүріп құлап, тобығын жарақаттап алған. Ол жай ғана серуендегісі келген, бірақ соңы жарақатпен аяқталды, – деді Азамат Күркебаев. – Егер салдары ауыр болғанда, құқық қорғау органдары мен жергілікті билікке орынды сұрақтар туындайтын еді. Өйткені бұл жерде балалардың қауіпсіздігі туралы сөз болып отыр, ал оған ересектер жауапты.

Алда мамыр мерекелері келе жатыр, сондай-ақ жазғы маусымда жағалауда адамдар көбейеді. Әсіресе жұма және сенбі күндері көшелерде халық қарасы қалың болады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын күшейту жоспарланып отыр.