Қандай кардиохирургиялық оталар тек Павлодарда жасалады?
Ең қымбаты сегіз миллион теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталық Қазақстандағы қымбат медициналық көмек көрсету бойынша көшбасшы болып табылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Облыста өткен жылы міндетті медициналық сақтандыру аясында құны 1,5 миллион теңгеге жуық 317 жоғары технологиялық операция жасалған. Биылғы жылдың алты айында 902 миллион теңгеге ота жүргізілді.
Қазақстандағы ең қымбат кардиохирургиялық ота – кенеттен болатын жүрек өлімінің алдын алу үшін дефибрилляция функциясы бар күрделі ресинхрондау құрылғыларын имплантациялау. Бұл ота кардиоорталықта көптен бері жасалып келеді. Бір операцияның құны сегіз миллион теңгеден асады. 2023 жылы 69 адамға, биыл 33 адамға осындай ота жасалды.
Сондай-ақ Павлодарда алғашқылардың бірі болып «Пілдің мұздатылған тұмсығы» әдісімен аорта доғасының аневризмасын емдеуге арналған қауіпті операцияны сәтті бастады. Мұндай үш операция өткізілді.
Орталықта енгізілген технологияның нәтижесінде «Өкпе артериясының тромбоэмболиясы» диагнозы бар науқастардың емделіп шығуына мүмкіндік пайда болды. Бұл ота тек Павлодар кардио орталығында жүргізіледі. Егер бұрын мұндай диагнозбен ауыратын науқастардың өлім-жітім көрсеткіші 70 пайызды құраса, қазіргі таңда осындай әдіспен жасалған 40-тан астам ота жақсы нәтиже көрсеткен.
Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының директоры Гүлжанат Жақованың айтуынша, өңірде алғаш рет жүкті әйелдің жүрегіне ота жасалды.
– Ағымдағы жылдың мамыр айында жас жүкті әйелге сәтті ота жасадық. Оны жүрек-өкпе аппаратына қостық. Бұрын мұндай операциялар кезінде жүктілікті үзу қажет болатын. Бірақ бұл жолы баланы да құтқарып қалдық, – дейді Гүлжанат Жақова.
Кардиоорталықтың директоры тағы бір күрделі жағдай туралы айтып өтті.
– Онкологтармен бірге екі сәтті ота жасадық. Науқаста жүрек ауруымен қатар қатерлі ісік те анықталды. Кардиохирургтар жүрекке және онкологияға шұғыл түрде ота жасау керектігін түсінді. Ал екі бөлек отаны жасау науқасқа ауыр тиеді. Павлодар онкологтарымен кеңесіп, бір жалпы анестезиямен бірнеше хирургиялық ота жасадық, – деді спикер.
Айта кетерлігі, биыл қаржыландыру 2,5 есе ұлғайғандықтан, одан да көп қиын оталар жасауға мүмкіндік туды. МӘМС бағдарламасы бойынша кез келген оталар тегін жасалады.