Павлодар облысының педагогтары өзара тәжірибе алмасты

Шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ХІ аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Мұғалімнің кәсіби практикасындағы зерттеулер: тәжірибе және мүмкіндіктер» аты іс-шараның мақсаты — NIS желісінің мұғалімдері, шетелдік ұстаздар, Павлодар облысының мұғалімдері арасында оқыту мен оқу тәжірибесін жақсарту үшін Action research және Lesson study форматында орындалған зерттеулердің нәтижелерімен бөлісу.
Конференцияға Павлодардағы NIS педагогикалық ұжымы, Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің мұғалімдері, тірек мектептердің педагогтері қатысып, сабақты зерттеу нәтижелері бойынша постерлерін қорғады.
Постер сессиясы барысында 21 мектептен 150-астам қатысушы 86 зерттеу жұмысын ұсынды.
Заря жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Анна Урузбаева бастауыш сыныпта заманауи тәсілдерді қолдана отырып, оқу сауаттылығын қалыптастыру тақырыбында зерттеу жүргізген.
– Оқушыларда оқу техникасы жақсы болғанымен, олар тақырыпты түсінбей, сұрақтарға жауап бере алмай, математикалық тапсырмаларды шеше алмайтын. Бір жыл бойы балаларды ойын арқылы оқуға тарттық. Әдеби викториналар, театр элементтерімен оқу, тапсырмалар мен жұмбақтарды шешу немесе анықтамаларды табу үшін жасына байланысты белгілі бір мәтіндерді немесе кітаптарды оқуды ұсындым. Жыл соңында олардың қызығушылығы артып, оң нәтиже алдық, – Анна Урузбаева.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда басқа әріптестері де педагогтың осы тәсілімен жұмыс жасап жүр.
Конференция мұғалімдерге сабақ пен оқыту практикасын зерттеуді жүзеге асыруға ынталандыру, педагогтердің рефлексивті және әдістемелік мәдениетін арттыру, мектеп, желілік, халықаралық деңгейде педагогтердің тәжірибесімен алмасу үшін жағдай жасау, мұғалімдерді ECER және WALS халыралық ғылыми-практикалық конференцияларына қатысуға дайындауға мүмкіндік берді.
Конференция қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бірқатар педагогтер жүлделі орындармен және «Үздік постер» номинациясымен марапатталды.