Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының төртінші маусымы басталды

Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының төртінші маусымы басталды
Фото: Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, 10 қазанда «Ана тілі» орталығында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының төртінші маусымы бастау алды.

Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің нормаларын меңгерту. 

– Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады. Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары басталып, жалпы облыс бойынша аталған курстармен 1552 адам оқытылды, – дейді басқармада. 

Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені» жобасы, қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар іске асырылды.  Жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеру үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасалған.

Келесі жылға арналған тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында облысымызда жыл сайын барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары өткізіледі.