Павлодарда тиындар топтамалары көрмеге қойылды
«Ertis» мультимедиялық музейінде Ұлттық валюта күніне арналған «Теңге: ұлттық валютаның ерекшеліктері» атты көрме өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Музей бөлімшесінің жетекшісі Айзада Бектемісованың айтуынша, көрмеге Павлодар қаласы нумизматтарының жеке коллекцияларынан, сондай-ақ Павлодар география үйінен, өлкетану мұражайының қорынан алынған топтамалар ұсынылған.
– Бұл жерде түрлі даталарға орайластырылған арнайы коллекциялар, облыс аумағында табылған тиындар, Қазақстанның алғашқы купюралары мен монеталар, теңге ұсынылған. Осы көрмені көруге келген қазіргі мектеп оқушылары бұл купюраларды көрмеген немесе қолында ұстамаған. Олар осы көрмеге келіп, қызықты мәліметтермен таныса алады, – дейді Айзада Бектемісова.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, коллекционер Виктор Столяров жұртшылық назарына ұсынылған топтама балалардың еңбегінің нәтижесі екенін айтады.
– Біз үлкен ғылыми жоба үшін балалармен бірге маркалар, монеталар жинадық. Бұл экспозицияның мақсаты – балаларды коллекцияны дамытуға ынталандыру. Мен өзім тарих пәнінің мұғалімі болған соң сақтауға түрлі заттарды әкеледі. Осыдан түрлі артефактілерді жинау басталды, – дейді Виктор Столяров.
Коллекционердің сөзінше, валютаның тарихи шығу жолы зерделеніп, монеталарға сипаттамалар беріледі. Көрмедегі «Ортағасырлық Қазақстан» деп аталатын стендтен жезден жасалған көне замандағы фельстер, моңғол тиындары және т.б. көруге болады.
Ұлттық валютаның 30 жылдығына арналған көрме 20 қарашаға дейін созылады.