Павлодарлық кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл мәселелері бойынша көмек көрсетіледі

Павлодарлық кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл мәселелері бойынша көмек көрсетіледі
Фото: автор

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Инвесторлар үйінде Халықаралық «Қазақ тілі»қоғамының Павлодар облыстық филиалы мен Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы кездесу ұйымдастырылды. «Тараптар» деп аталатын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай және Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов Қазақстан Республикасының Конституциясын және ҚР басқа да нормативтік-құқықтық актілерін, сондай-ақ ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, облыстардағы Кәсіпкерлер палатасының (республикалық маңызы бар қалалар, Астана) типтік жарғысын және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, меморандумға қол қойды. 

– Бүгінгі меморандумға мемлекеттік тілді ұлғайту, қолдану мақсатында қол қойылды. Ешкімді мәжбүрлеуге құқығымыз жоқ, қазақ тілін үйренгісі келетін кейбір кәсіпкерлерді қолдау ретінде, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге бағытталған тегін оқыту мүмкіндігін қарастырдық, дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Аталмыш іс-шара ел бірлігінің негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту бойынша тараптардың арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру және осы бағытта бірлескен іс-қимыл жасау тетіктерін анықтауға көзделген.

 – Өз қалаулары бойынша келіп түскен өтініштерді жинаймыз. Мұндағы басты міндет пен назар оқытуға емес, оларды қолдауға көбірек аударылады. Атап айтқанда, мәзір тұрғысынан, аудармаға көмектесу, қызмет көрсету саласы, жадынама. Сондай-ақ, алдағы уақытта түсіндірме сипаттағы семинарлар мен тренингтер жоспарлануда, дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай.

Оның айтуынша, бұл маңызды іс-шара, себебі тілге байланысты көптеген негізгі мәселелер кәсіпкерлік субъектілердің айналысында жүріп жатыр. Мәселен, дүкендерде және басқа да қызмет көрсету салаларында. 

Алаңда сұрақтар туындаса, Халықаралық қоғамымен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аудармалар бөлігінде, атауларда, белгілерге сәйкес көптеген өрескел шағымдар туындап жатыр.

 – Жүз пайыз кәсіпкерлерді қамти алмайтынымыз анық, бірақ егер өтініш болса, біз тегін көмек көрсетеміз, дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Сондай-ақ, меморандум тараптар арасындағы тығыз байланыстың негізі болып табылады, әрбір тараптың ынтымақтастықты бұдан әрі жан-жақты дамытуға мүдделі екендігінің кепілі болады.

Осы меморандумды орындау тараптар мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған түрлі деңгейдегі шаралар кешенін жүзеге асыруға (семинарлар, кездесулер, дәрістер), мемлекеттік тілді дамыту және қолданыс аясын кеңейтуге, облыс аумағындағы халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік мекемелермен (қоғамдық тамақтану, сауда орындары, т.б.) әріптестік орнатуға, қазақ тілін тегін оқыту курстарын ұйымдастыруға, түрлі көрнекіліктердің дұрыс ресімделуіне көмек көрсетуге, атқарылған шаралар бойынша БАҚ-мен тығыз қарым-қатынас жасау сияқты бағыттарда өзара қарым-қатынас жасайды. 

Кездесу барысында қоғамдағы мемлекеттік тілдің рөлін күшейтудің өзекті мәселелері қаралды, мемлекеттік тілді меңгеру, бірлескен диалог алаңдарын және басқа да іс-шаралар нысандарын ұйымдастыру арқылы бірлік құндылықтарын сіңіруге бағытталған бірлескен ақпараттық жобаларды іске асыру жөніндегі қызмет бағыттары айқындалды.