Павлодарда тұрғын үй қатынастарына енгізілген жаңа реформалар түсіндірілді

15 қыркүйектен бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа түзетулерге сәйкес, көпқабатты үйлерді басқарудың екі түрі анықталды: пәтер иелерінің бірлестігі (ПИБ) және тікелей бірлескен басқару (ТББ)
Бұрын қолданыста болған жай серіктестік нысаны енді толықтай күшін жойды.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысының орынбасары Бақытгүл Базылованың айтуынша, кондоминиум нысанын тікелей бірлескен басқару нысанын таңдау кезінде пәтерлердің санына шектеу қойылмайды. Алайда, егер көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер мен бейрезиденттік (коммерциялық) үй-жайлардың саны 36-дан асатын болса, онда пәтер иелері мен бейрезиденттік үй-жайлардың меншік иелері жиналыс хаттамасының негізінде кондоминиум нысанын басқару үшін басқарушы компанияны тартуға міндетті.
– ТББ – бұл аз қабатты үйлерге ыңғайлы жүйе. Мұнда тұрғындар барлық шешімді өздері қабылдайды. Ал егер олар өздері басқарумен айналысқысы келмесе, – құрып, басқарушы компанияны жалдай алады. Ол компания үйдің шоттарын ашып, қаржыны жинап, есеп беріп, үйдің жай-күйіне жауап береді, – дейді спикер.
Оның айтуынша, басқарушы компаниялар енді бұрынғы ПИК-тардың орнын басады. Компания кондоминиумды басқару туралы келісімге қол қойып, 15 күннің ішінде үйге ағымдағы және жинақ шот ашуы тиіс.
Ай сайын тұрғындарға қаржының қозғалысы мен атқарылған жұмыс туралы есеп ұсыну міндеттеледі.
ПИК-тер бір жыл ішінде қайта тіркелуі тиіс
Жаңа заң бойынша, бұрынғы ПИК, ПИТК, ЖШС, ЖК сияқты құрылымдардың барлығы бір жыл ішінде қайта тіркелуі немесе таратылуы тиіс.
– Ескі ПИК-тер осы мерзім ішінде өз қызметін заңға сәйкестендіруі керек. Заң жаңа ПИК ашуға тыйым салмайды, бірақ енді олар тек басқарушы субъект ретінде әрекет ете алады. Ал үйлердің дайындығы мен есептілігі үшін жауапкершілік – басқарушы компаниялар мен ПИБ-те болады, – деп түсіндірді Бақытгүл Базылова.
Қазіргі таңда Павлодар қаласында 90-нан астам ПИБ тіркелген, ал бұрынғы жай серіктестіктер таратылып, олардың тұрғындары өз үйлері үшін басқару нысанын таңдауға кіріскен.
Пәтер иелерінің бірлестігі (ПИБ) – бұл коммерциялық емес ұйым, яғни көпқабатты үйдің пәтер және бейрезидент иелері бірігіп құратын заңды тұлға. ПИБ үйдің ортақ мүлкін басқаруға, оның күтіміне және қаржыландыруға жауапты.
ПИБ-те екі банктік шот болады: ағымдағы – күнделікті қажеттіліктерге және жинақ шоты – жөндеу және мақсатты жарналар үшін.
Бақытгүл Базылова атап өткендей, ПИБ төрағасының өкілеттік мерзімі үш жылға дейін ұзартылды әрі ол үй кеңесінің мүшесі ретінде шешім қабылдау процесіне тікелей қатысады.
– Егер тұрғындар екі ай ішінде басқару нысанын немесе компанияны таңдай алмаса, тұрғын үй инспекциясы араласуға құқылы. Ол хаттама мен өтініш негізінде уақытша басқарушы компанияны тағайындайды, – деді ол.
Мұндай компания өз қызметін тұрғындар тұрақты басқару нысанын бекіткенге дейін атқарады және 15 күн ішінде банктік шоттар ашып, басқару қызметін ресми түрде жүзеге асырады.
Бақытгүл Базылованың пікірінше, реформаның баяу жүруіне себеп – тұрғындардың төмен белсенділігі.
– ПИК тарапынан қарсылық болғанын өтірік емес. Бірақ негізгі себеп – тұрғындардың өздерінің қызығушылық танытпауы. Бірақ дәл сол адамдар үйлеріндегі тазалық пен қаржының қайда жұмсалатынына үнемі шағымданады. Енді бұл қатынастар толық реттелді: не өзіңіз ПИБ құрып, үйіңізді өзіңіз басқарыңыз, не ТББ таңдап, басқарушы компанияға сенім артасыз, – дейді ол.
Тұрғын үй қатынастарына енгізілген жаңа өзгерістердің басты мақсаты – үйді басқаруда ашықтық пен жауапкершілікті арттыру.
2026 жылға дейін Павлодардағы барлық көпқабатты үйлер өздерінің басқару формасын таңдап, заң талабына сай тіркелуі тиіс. Қазіргі уақытта Павлодарда 90 ПИБ тіркелген.