Павлодар прокуратурасы тұрғындарды әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенбеуге шақырады

Павлодар прокуратурасы тұрғындарды әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға сенбеуге шақырады

Теріс мәліметтерді тарату негізінен қасақана жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының прокуратурасы отандық ақпараттық кеңістікте және өзге де әлеуметтік медиада әртүрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті деп дабыл қағуда.

- Бұл ретте олар блогерлердің арандатушылық мәлімдемелеріне және ұлтаралық алауыздықты қоздыру белгілері бар пайдаланушылардың пікірлеріне, шет мемлекеттер аумағындағы қарулы қақтығыстар мен әскери іс-қимылдарға заңсыз қатысуға шақыруларға ұласады. Мұндай арандатушылық ақпараттар жалған қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық құқықтық тәртіпке теріс әсер етеді, - делінген хабарламада.

Мұндай теріс мәліметтерді тарату негізінен қасақана, өз мүддесінде немесе үшінші тұлғалардың мүддесінде жүзеге асырылатынын еске салады. 

- Ұлтаралық алауыздықты қоздыруға, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған бұндай іс-әрекеттер қылмыстық жазаланатын болып табылады және тиісінше 9,20 және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172, 174 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, - деп ескертеді.

Осыған байланысты Павлодар облысының прокуратурасы азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және жоғарыда аталған кез келген құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа берілмеуге және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.