Павлодарда дауылдан зақымданған көлікке өтемақы талап етілмеді

Павлодарда дауылдан зақымданған көлікке өтемақы талап етілмеді
Фото: ЖИ

Сот автокөлікке келген зиян табиғи апат салдарынан болғанын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты азамат К.-ның ЖК «А» және К.-дан материалдық залалды өндіру туралы талап арызын қарады.

Іс барысында 2025 жылғы 19 маусымда Павлодар қаласында желдің екпіні секундына 34 метрге дейін жеткен қауіпті метеорологиялық құбылыс тіркелгені анықталды. Қатты жел салдарынан өндірістік аймақта орналасқан автожуу ғимаратының шатырынан металл профильді парақ жұлынып кетіп, талап қоюшының автокөлігіне зақым келген.

Бұл оқиға Павлодар қаласы әкімінің 2025 жылғы 23 маусымдағы шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай деп танылған. Залалға байланысты талап қоюшыға жергілікті бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш (405 500 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген.

Сот материалдарына сәйкес, жауапкерлерге тиесілі ғимараттың құрылыс немесе техникалық талаптарды бұза отырып салынғаны, сондай-ақ шатырда ақаулар болғаны дәлелденбеген.

Осыған байланысты сот автокөліктің зақымдануы еңсерілмейтін күштің әсерінен болған деген қорытындыға келді. Ғимарат иесінің кінәсі анықталмаған.

Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылмады. Сонымен қатар талап қоюшыдан жауапкерлер өкілінің қызметіне кеткен сот шығындары өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.