Павлодарда ультрамарафон олимпиада қатысушыларына арналды

Павлодарда ультрамарафон олимпиада қатысушыларына арналды
Фото: Ақмарал Есімханова

Әуесқой спортшылар ашық аспан астында алты сағат бойы жүгірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында 500 метрлік айналымдағы жарыс сегізінші рет өткізілді. Бұл сайыс жеңіл атлетиканы сүйетіндер үшін шыдамдылық сынағы болды, себебі қатысушыларға аязда және бір ғана шеңбер бойымен жүгіруге тура келеді.

Жарыстың бастауына павлодарлық Евгений Белов себепкер. Ол кезінде облыс елді мекендерінің арасында жалғыз өзі ұзақ қашықтықтарға жүгіретін. 

– Бұрын жалғыз жүгіретінмін, ал қазір біз көппіз. Бұл – қыс мезгілінде ашық ауада өтетін жалғыз ультрамарафон, ол барлық жеңіл атлетика әуесқойларын біріктіреді, – дейді Евгений Белов.

Қатысушылардың арасында Петропавл қаласынан келген зейнеткер Айжан Оспанова да бар. Ол 20 жылдан бері жүгірумен айналысады, Павлодарға екінші рет келді.

– Алты сағатта кем дегенде марафондық қашықтықты еңсергім келеді. Әр ультрамарафон мен үшін – рухани өсу мен дамудың кілті. Біреу билейді, біреу ән айтады, ал біреу гүл өсіреді. Ал мен үшін жүгіру – дүниені тану жолы әрі адамдарға жарық сыйлау мүмкіндігі, – дейді Айжан Оспанова.

Жалпы, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 80-ге жуық жүгіруші стартқа шықты. Оңтүстік өңірлерден келген спортшыларды аяз да, орталық стадионның біркелкі айналымы да тоқтата алмады.

Павлодарлық 63 жастағы Серік Секербаев қарсыластарының ерекше назарына ие. Ол өзінің өзгеше спорттық киімімен танымал: қысқа шалбар мен жейде киіп жүгіреді.

– Былтыр Астанадағы саябақта өткен екі тәулік пен бір тәулікке созылған жарыстар бар. Павлодардағы ультрамарафон маған жақсы таныс. Үзілістер болды, бірақ әр жолы өзімді қайта сынауға ораламын. Суық мені қорқытпайды, қырық жыл бойы жүгіріп, тәніммен де, рухыммен де шынықтым. Иә, бір ғана айналым бойымен жүгіру психологиялық тұрғыдан ауыр, бірақ дәл осы жерде шыдамдылықтың күші ашылады. Осындай сәттерде өзіңнен жаңа қуат табасың, – дейді Серік аға.

Ультрамарафон тағы да жүгірушілер қауымының рухының мықтылығын дәлелдеді. Қатыспағандар да келіп, спортшыларды қолдады.

 «Freedom Team Pvl» жүгіру клубының командасы волонтёр ретінде қатысты. Әуесқойлар спортшыларға тамақтану пунктін ұйымдастырып, қолдауларын паш етті.

Еске сала кетейік, Павлодар облысынан үш спортшы – Дарья Ряжко, Арина Ильященко және Роман Иванов Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғауда.