Павлодарда жаңа қонақүй кешені ашылды
Нысан өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Академик Сәтбаев көшесінде орналасқан Orta Hotel қонақүй кешенінде болды.
Қонақүйдің ашылуымен қалада 75 тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұнда қонақтардың жайлы демалысына қажетті барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде заманауи жаттығу залы мен конференц-зал жұмыс істеп тұр. Жақын арада мейрамхана мен кофехана ашылады. Мейрамхана қонақүй қонақтарына ғана емес, барлық павлодарлықтарға қызмет көрсетеді.
– Бүгінде Павлодар қарқынды дамып, еліміздің және шетелдің түкпір-түкпірінен келетін қонақтар үшін тартымды қалаға айналып келеді. Ertis Promenade сахнасында өтетін ауқымды концерттерді қоса алғанда, мәдени және спорттық іс-шаралар жыл сайын мыңдаған көрерменді жинайды. Бұл өз кезегінде заманауи қонақүй инфрақұрылымына деген сұранысты арттыруда, – деді әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да кәсіпкерлерді қолдау және бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау жалғасады. Мұндай жобалар Павлодардың туристік және іскерлік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram