Павлодарда жаңа туған сәбиді 800 мың теңгеге сату әрекеті тоқтатылды
Полиция жедел әрекет етіп, нәрестенің заңсыз берілуіне жол бермеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күдікті ретінде Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны анықталды.
– Әйел жүктіліктің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы әдейі сатып алушылар іздеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның әрекеті бақылауға алынып, қылмыстық ниеті құжатталған, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, әйел босанғаннан кейін үш күндік нәрестені ақшаға бермек болған. Дәл осы сәтте ол қылмыс үстінде ұсталды.
Полицияның жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында бала үшін ауыр салдардың алдын алу мүмкін болды.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауында, оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Соңғы құқықтық баға заңға сәйкес беріледі, – деді облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Полиция адам саудасының кез келген түрі, әсіресе балаларға қатысты әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.