Павлодарда жалғыз әлеуметтік кәсіпкер жарымжан жандарға жұмыс ұсынуда
Жеке кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімінде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаев жыл сайын бес миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар осы жылдан бастап кәсіпкерлердің екі санаты үшін ғана берілетін мәлім етті. Біріншісі – «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне, екіншісі – әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімінде тұрған ШОБ субъектілеріне.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту мәселелерін шешетін кәсіпкерлердің санатына Павлодар қаласынан бір ғана кәсіпкер кіреді. Нұрзия Темірова қоржын, қыз жасауы, қоржындар, балаларға арналған костюмдер тігумен айналысады.
– Менің жеке тігін өндірісім бар. Кәсібімді карантин кезінде аштым. Бастапқы кезеңде қиын болды. Жұмыскерлер де табыла қойған жоқ. Кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан әлеуметтік кәсіпкерлік жөнінде естіп, жобаның негізін қалаушы Эмин Аскеровтың Астана қаласында өткен тренингіне бардым. Содан әлеуметтік кәсіпкер атанғым келді, – дейді Нұрзия Темірова.
Ол әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне 2024 жылдың қаңтар айында кірген. Енді күзде бес млн теңгеге қайтарымсыз грант алуға өтінім бермек. Мақсаты – жаңа құрал-жабдық сатып алы, кәсібін одан әрі кеңейту.
– Өндірісте денсаулығына байланысты үшінші топ мүгедектер қатарындағы екі адам жұмыс істейді. Цехымыздың ауқымы әзірше үлкен емес. Жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы клиенттер келіп жатыр. Қайтарымсыз грантқа ие болсам, тағы да ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа қабылдаймын, – дейді Нұрзия Темірова
Айта кетейік, биыл гранттар беруге 82 миллион теңге бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау үшінші тоқсанның соңында жоспарлануда. Өтінімдер Kezekte.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады.