Павлодарда жанталасқан жүргізуші жарты жыл көлік жүргізе алмайды

Ол жол жүру ережесіне қарсы жолды қысқартқысы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ӘҚБтК-нің 596-бабының үшінші бөлігімен істі қарады.
Сот анықтағандай, ағымдағы жылдың ақпан айында «ГАЗ» көлігінің жүргізушісі екі жақты қозғалыстағы төрт жолақты жолда қарсы жолаққа шығып кеткен. Полицейлер жүргізушінің жол белгілерін елемей, кесіп өткенін регистратор арқылы байқаған.
– Ер адамның белгіленген жерде кері бұрылу мүмкіндігі болды, бірақ ол жүктің бар екенін айтып, жолды қысқартуды жөн көрді, – деді сотта.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырды.
Қаулы заңды күшіне енді.