Павлодарда жас көшбасшыларға арналған республикалық интенсив өтті

Павлодарда жас көшбасшыларға арналған республикалық интенсив өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Іс-шараға мектеп президенттері мен белсенді оқушылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 80 белсенді шәкірт М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында бас қосып, бірнеше күн бойы көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған мазмұнды бағдарламадан өтті. Интенсив аясында қатысушылар тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысып, өзін-өзі тану, командамен жұмыс істеу және шешім қабылдау қабілеттерін жетілдірді.

– Интенсивтің мақсаты – жас көшбасшылардың әлеуетін ашу, тәжірибе алмасу және мектеп парламенттерін дамытуға бағытталған тың бастамаларды қалыптастыру. Шара соңында қатысушылар өз ұсыныстарын біріктіретін арнайы резолюция қабылдап, мотивациялық хаттар жазады, – деді облыстық білім беру басқармасында.

Бағдарлама барысында «Менің көшбасшылық стилім» практикалық алаңында оқушылар өз қабілеттерін анықтаса, «Армандағы өзін-өзі басқару» квест-ойынында мектептегі өзін-өзі басқару жүйесін модельдеді. Сонымен қатар, «Шешімдер театры» мен «Болашақ идеялары» креативті сессияларында қатысушылар жаңа жобалар ұсынып, плакаттар, ұрандар және бейнеүндеулер әзірледі.

Шығыс Қазақстан облысынан келген Гүлім Серік мұндай алаңдардың маңыздылығына тоқталды.

– Екі күнге созылған қарқынды бағдарлама барысында біз баға жетпес тәжірибе жинадық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген белсенді оқушылармен ой бөлісіп, мектеп тәжірибесінде бұрын кеңінен қолданылмаған идеяларды ортаға салдық. Сонымен қатар, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырдық. Бұл интенсив бізге көшбасшылықтың шынайы мәнін терең түсінуге мүмкіндік берді, – деді ол.

Ал алматылық қатысушы Мансұр Саттаров интенсив тек білім ғана емес, өз-өзіне сенімділік қалыптастыруға да көмектесетінін алға тартты.

– Маған бұл шара ерекше әсер қалдырды. Әрбір орындалған тапсырма өзімізге деген сенімділігімізді арттырып, жаңа қырларымызды ашуға мүмкіндік берді. Біз тек білім алып қана қоймай, маңызды дағдыларды меңгердік. Осындай іс-шараларға қатысуды баршаға шын жүректен ұсынамын, өйткені олар тұлғалық дамуға үлкен серпін беретін бірегей мүмкіндік, – деді мектеп оқушысы.

Интенсив тек білім берумен шектелмей, мәдени бағдарламамен де толықты. Қатысушылар Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында «Джудит жасаған қиын таңдау» атты қойылымды тамашалап, ерекше әсер алды. Кейін олар Ертіс өзенінің жағалауында серуендеп, бейресми жағдайда пікір алмасуға мүмкіндік алды.

– Бізді Павлодар қаласы ерекше жылылықпен қарсы алды. Сапаржайда ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған дәстүрлі әндер сапарымызға айрықша көңіл күй сыйлады. Интенсив бағдарламасынан бөлек, бізді театрға апарып, рухани дүниемізді байытты. Кейін Ертіс өзені жағасында серуендеп, табиғаттың тынысын сезіндік. Бұл күндер тек білім мен тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар ұмытылмас әсерлер мен жылы естеліктерге толы ерекше кезеңге айналды, – деді Алматы облысының қатысушысы Қасым Қалдыбек.

Салтанатты жабылу рәсімінде қатысушыларға сертификаттар табысталып, жетекшілерге алғыс хаттар берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл алаң оқушылардың азаматтық белсенділігін арттыруға және көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік берген.