Павлодарлық оқушы Бразилияда химиядан қола жүлдегер атанды

Павлодарлық оқушы Бразилияда химиядан қола жүлдегер атанды
Суретті Білім беру басқармасы ұсынды

Қазақстандық оқушылар 40 ел қатысқан жарыста үздік нәтиже көрсетіп, 11 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бразилияның Ору-Прето қаласында 59-шы Халықаралық Менделеев химия олимпиадасы (IMChO) өз мәресіне жетті. Білім бәйгесіне 40 елден келген 200 оқушы қатысып, жас химиктер екі теориялық және бір практикалық турда өз білімдері мен зерттеу дағдыларын сынға салды.

Додада қалалық №8 мектеп-лицейдің 11 «Б» сынып оқушысы Ярослава Кравчук қола медаль жеңіп алды.

–  Ярослава бақытты, оның арманы орындалды. Сегізінші сыныпта алғаш рет жасөспірімдер арасындағы химия олимпиадасына қатысты. Сол кезде ол құрмет грамотасымен марапатталған, бірақ медаль алған жоқ. Сонда Ярослава жылаған болатын. Ал, кеше менімен әңгімелескенде ол осы сәтті есіне алып, ең қиын химия олимпиадасында жүлде алғанына өте қуанышты екенін айтты. Ол сегізінші лицейімізден Халықаралық Менделеев олимпиадасынан медаль алған алғашқы қыз, – дейді оқушының анасы Ирина Кравчук.

Бүгін құрама Бразилиядан Қазақстанға ұшады. 15 мамырда Ярослава Павлодарға келеді.

Мектеп оқушысының мұғалімі Оксана Колдашеваның айтуынша, Ярослава әрқашан алдына мақсат қойып, өзіне сенеді. Ол сегізінші сыныптан бері осы мұғалімнің оқушысы әрі талантты шәкірті.

–  Мектебімізде әртүрлі жастағы командалар дайындалады. Кейде тәжірибелі жоғары сынып оқушылары 6, 7, 8-сынып оқушыларына белгілі бір ойларды ұсынып жатады. Ярослава әр мәселеге әрқашан да жауапты қарайды, – деді мұғалім.

Оның айтуынша, бойжеткен Владислав Черданцев пен Ринат Елеусізов сынды жұлдызды түлектерден үлгі алған.

–  Өткен жылы мен жетекші болған Ярославаның жобасы ғарыштық технологияларға қатысты халықаралық конференцияда екінші орын алды. Ол теннисті жақсы ойнайды, ән айтады және би билегенді ұнатады. Яғни, ол өзін жан-жақты дамыта білетін талантты қыз, – дейді мұғалім.

Оксана Колдашева Ярославаны әртүрлі интеллектуалдық жарыстарға дайындаған әріптестері Анатолий Билида мен Лилия Стадниковаға алғысын білдірді.

Қыздың ата-анасының қолдауы да үлкен маңызға ие.

–  Мектеп дұрыс таңдалғанда, барлық жағдай жасалғанда, пән бойынша ұжым болған кезде, барлығы бір-біріне көмектессе, алға жетелейтін мұғалім мен өз пәні бойынша жақсы базаны қамтамасыз ететін әріптестер болса маңызды, – деп сендірді Оксана Қолдашева. – Сондай-ақ, баланың өз мотивациясы және оның отбасының қолдауы да маңызды.

Енді жаңа міндет – 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін Халықаралық химия олимпиадасына (IChO) команданы іріктеу.

2022 жылы Ярослава Кравчук Павлодарда өткен халықаралық ғылыми конференцияда топырақты кометадан суға ерітуге қабілетті «Қаныш» ғарыш кемесінің моделін таныстырды. Бұл оған NASA қамқорлығында Хьюстондағы Біріккен ғарыш мектебінде оқуға мүмкіндік берді.