Павлодарлық астрономдар Қазақстанның ең үздік астрофизиктерінен дәріс алды
Аталмыш шараға республиканың түпкір-түпкірінен 80-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, отандық ғарыш саласы қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатыр. Бұл сала болашағы зор ғылымдардың бірі болып табылады. Қазақстанның әр облысында жұлдызды аспанның нағыз әуесқойларын біріктіретін үйірмелер, клубтар, қауымдастықтар жұмыс істейді. Елімізде республикалық маңызы бар жалғыз орталық бар. Онда 25 жылдан бері үздік оқушыларды іріктеу бойынша ең ауқымды іс – шаралар өткізіледі. Бұл Алматы қаласында орналасқан "Бөбек" орталығының обсерваториясы.
- База Іле Алатауының табиғаты сұлу жерінде орналасқан. Онда балалар тегін тұрып, тамақтанып, білім алады. Мұнда жас зерттеушілердің сабақтары мен бос уақыттарын өткізуге барлық жағдай жасалған. Әр облыстың білім басқармасы "Бөбек" орталығының іс-шараларына қатысу үшін команданы жасақтайды, - делінген хабарламада.
Биыл республикалық астрономиялық практикум облыстық физика-математика мектептері үшін 5-12 ақпан аралығында өткен. Бұл іс-шараға республиканың түпкір-түпкірінен 80-ге жуық оқушы қатысты.
Бірінші топтың ішінде жерлестерімізден бөлек, Астана, Қарағанды, Петропавл, Тараз, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Алматы қалаларынан оқушылар болды. Павлодар облысын М.М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері таныстырды. Құрама командаға № 3 мектеп-гимназиясының 10-шы сынып оқушысы Сибилев Кирилл, «Білім-инновация» лицейінің 9-шы сынып оқушысы Қаратай Диас, № 39 ЖОББМ-нің 8-ші сынып оқушысы Мұратова Арина, А.Шамкенов атындағы ЖОББМ-нің 10-шы сынып оқушысы Браун Илья, № 8 лицейдің 8-ші сынып оқушысы Ким Даниил кірді. Бұл балалар оқушылар сарайының астроклубында тәлім алып, іс-шараларға белсенді қатысады.
- Бұл оқуда теориялық сабақтар практикалық сабақтар кезекпен алмасып өтіп отырды. Түнгі бақылауларда балалар жарқын жұлдыздарды, шоқжұлдыздарды, планеталарды бақылауға мүмкіндік алды. Ең ғажабы Илон Масктың Starlink спутниктері мен аспанда жақында пайда болған кометаны бақылау болды-C / 2022 E3 (ZTF), - деді «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнәр Баубекова.
Республикалық астропрактикумына қатысқан ғалымдар өз тәжірибелерін жас зерттеушілермен бөлісті. Сонымен қатар, балалармен бұрын халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысқан "Бөбек" орталығының обсерваториясының түлектері де дәріс берді.