Конгресс-холл, бассейн: Павлодар облысында қандай жобалар жүзеге асырылмақ?

Конгресс-холл, бассейн: Павлодар облысында қандай жобалар жүзеге асырылмақ?
Фото: Валерий Бугаев

Әкімдікте ERG және KAZ Minerals-пен 2025 жылға арналған меморандумдарға енгізуді жоспарлап отырған жобалар пулы қаралды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсынылған жобалардың жалпы сомасы 15,1 млрд теңгені құрайды.

Облыс орталығы бойынша сәулет жобаларына қатысты ұсыныстар енгізілді: вокзал маңындағы скверді қайта жаңарту, «Достық» шағын ауданында 1250 орындық конгресс-холлын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, «Шығыс» шағын ауданындағы рекреациялық аймақты егжей-тегжейлі жоспарлау және т. б.

Екібастұзда Атығайтұз ауылында 120 орындық шағын мектеп салу, қалалық театр мен инклюзивті балабақша үшін ғимарат сатып алу көзделіп отыр.

Ақсуда спорт кешенінің – бассейннің құрылысын, қалалық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту, 140 орындық инклюзивті балабақша салу, Алтынсарин атындағы ЖОМ, № 3 арнайы мектеп-интернатына, «Асыл бөбек» балабақшасына және БЖСМ күрделі жөндеу жүргізу жобаларын қарастыру ұсынылды.

ERG және KAZ Minerals қаражаты мемлекеттік орман қоры аумағында ағаштар отырғызуға да бөлінеді.

Жиналыс барысында барлық ұсыныстар мен оларды іске асыру перспективалары талқыланды. Аймақ басшысы Асайын Байханов жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптама алу процесін жеделдете отырып, жобалардың нақты әрі соңғы тізімін дайындауды тапсырды.

Олар бойынша түпкілікті шешім осы жұмыстардың қорытындысы және қажетті құжаттардың дайындығынан кейін, сондай-ақ, ERG мен KAZ Minerals өкілдерімен талқылаудан кейін қабылданатын болады.