Павлодарда жасанды жабыны бар футбол алаңдары орнатылуда

Павлодарда жасанды жабыны бар футбол алаңдары орнатылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша облыс орталығында спорт инфрақұрылымы кеңейіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.

–  Биыл Павлодар қаласында аймақ басшысының қолдауымен 10 футбол алаңын орнату жоспарланған. Оның ішінде Sport City аумағында екі шағын футбол алаңы бой көтереді. Қазіргі таңда 6 учаскеде дайындық жұмыстары аяқталып, ұзақ мерзімге шыдайтын берік, занауи профильді құбырлардан жасалған қоршаулар орнатылды, - деді ол.

Шаһар басшысының айтуынша, барлық алаңдар жасанды жабынмен, жарықтандыру жүйесімен және қорғаныс торларымен жабдықталады. Сонымен қатар, қалада street workout алаңдарын орнату жұмыстары да қатар жүргізілуде.

– Жасанды жабыны бар шағын футбол алаңдары бүгінде балалар мен ересектер арасында ерекше сұранысқа ие. Жаз мезгілінде павлодарлықтар жаңа спорт инфрақұрылымының игілігін толық көріп, заманауи алаңдарда еркін спортпен шұғылдана алуы тиіс, - деді қала әкімі.

Хасар Хабылбеков салалық қызметтерге барлық жұмысты маусым айының соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.