Павлодар облысының тумасы Масагутова: Қазақ тілін үйрену үшін 15 минут бөлу керек
«Достық» үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған шараға ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ҚХА республикалық, өңірлік және қалалық этномәдени бірлестіктерінің мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» АҚ бас директоры Дихан Қамзабек, қоғам қайраткері, «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасибеков, қазақ тілін үйрететін мектептің негізін қалаушы Сергей Хван, блогер, «Алға Петербург» Youtube каналының негізін салушы Иван Червинский қатысты.
«Қоғамдық келісім» РММ басшысы Элина Масагутова форумның мақсаты мемлекеттік тілді насихаттау және тіл жанашырларын қолдау екенін атап өтті.
– Қазақстан Халқы Ассамблеясы арасында көптеген жастар мен үлкен адамдар, басқа этнос өкілдері қазақ тілін жетік меңгерген. Мен өзім орыс мектебін бітіргенмін, 9-сыныптан бастап түрлі іс-шараларға, оқушылар арасындағы олимпиадаларға қатыстым. Әрине, біріншіден бұл отбасыдан басталады. Менің отбасымда әрқашан «сен қазақ тілін оқы, қазақ тілін біл, ол саған болашақта көмектеседі» деп айтатын. Екіншіден, Құдайға шүкір, менің жақсы мұғалімдерім болды, – дейді Элина Масагутова.
Ол университетте орыс тілінде оқығанымен, түрлі іс-шараларды қазақ тілінде жүргізгенін айтады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеруден қорықпауға кеңес береді. Қазақ тілін меңгеру үшін күн сайын 15-30 минут болса да жаттығу керек. Мемлекеттік тілде кітаптар оқып, радио тыңдау керек немесе фильмдер көрген дұрыс.
– Отбасымда түрлі этнос өкілдері бар. Шешем – татар, әкем – орыс. Белорустар мен украиндар да бар. Кіші Ассамблея деп айтуға болады. Біріншіден, сөйлесуден қорықпау керек. Менің де сөйлеген кезде қателерім бар. Бастысы – ынта. Мен қазақ тілін 15 жыл бұрын үйрене бастадым. Әкемнің методикасы – күніне бес сөзден жаттау болса, менің методикам – бір-екі бетті дауыстап оқу. Біздің елімізге келген адамдардың қазақ тілін меңгеруге деген ниеттері бар және түрлі методикаларды қолдану арқылы алға жылу байқалады. Мысалы, олардың бірі – Иван Червинский. Керемет үлгі, – дейді Элина Масагутова.
Айта кетейік, форум екі күнге жоспарланған. Бүгін түстен кейін Элина Масагутова «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибелері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізеді. Ал ертең этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарына ҚХА трамвайымен экскурсия, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайына саяхат ұйымдастырылады.