Павлодар сауда үйлерінде күдікті адамдарды тану жүйесі орнатылды
Құрылғы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы кейбір сауда үйлерінде озық қауіпсіздік техникалық құралдары енгізілді. «Атриум» сауда үйлерінде, Small.kz және Grenwich сауда нүктелері желісінде қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тұлғаны тану функциясы бар бейнебақылау камералары орнатылған.
– Бұл сауда ұйымдарымен өзара іс-қимыл барысында қылмыстардың алдын алу үшін тұлғаны танудың аталған жүйелерін неғұрлым тиімді пайдалану туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл жүйелер полиция органдары іздеуде жүрген қылмыскерлерді, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, алиментті қасақана төлемейтіндерді, іздеуде жүрген адамдарды және басқа да күдікті адамдарды тануға мүмкіндік береді, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
«Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында қоғамдық орындарда бөтен мүлікті ұрлаудың алдын алу мақсатында қала мен облыс аумағында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерімен тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бизнес саласының өкілдерімен, ірі сауда үйлерінің, дүкендер мен ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік қызметтері мен күзет құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды.
Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда мүліктік қылмыс жасауға бейім адамдардың фотосуреттері бар тізімдерді тұрақты негізде орналастырады. Қоғамдық және адамдар көп жиналатын орындарда, қалалық қоғамдық көліктерде дыбыспен хабарландыру дауыстары ойнатылады.