Павлодарда жасыл желектер қайта жаңғыртылуда
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің мәлімдеуінше, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға, қалалық ортаның эстетикалық тартымдылығын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жасыл желектерді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Дендрологиялық жоспарға сәйкес, Н.Назарбаев даңғылындағы облыстық тіс емханасынан Ак.Шөкин көшесіне дейінгі бөлігінде жасыл желектерді қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылған.
Жобаны іске асыру аясында көгалдандырудың заманауи талаптарын және қалалық инфрақұрылымның тұрақты дамуын ескере отырып, жасыл қорды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлануда.
Мұнда қартайған (ескі) ағаштарды кесу, топырақты ауыстыру, ұзақ әсер ететін тыңайтқыштарды енгізу және ұсақ жапырақты жөке ағаштарының ірі көшеттерін отырғызу көзделуде.
Еске сала кетейік, өңірде 18 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» жобасы аясында абаттандыру және санитарлық тазалық бойынша айлық басталады.