Павлодарда жедел уәкілдер мергендік пен мықтылық бойынша бақ сынады
Шара облыстық полиция департаментінің жедел бөлімшелері арасында қылмыстық іздестіру қызметінің 108 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Спорт Сити» спорт кешенінде жедел уәкілдер арасында ұйымдастырылған спартакиада өтті. Спорттық жарысқа тоғыз команда қатысты. Полиция қызметкерлері дене дайындығын, мергендігін, төзімділігін және командалық үйлесімділігін көрсетті.
Спартакиада бағдарламасына жауынгерлік қарудан ату, жүзу, кермеге тартылу, арқан тарту және футбол жарыстары енгізілді.
– Атыс дайындығы – полиция қызметіндегі негізгі қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бірі. Әсіресе, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаруды меңгеру шеберлігі мен оны төтенше жағдайларда дұрыс қолдана білуі өте маңызды рөл атқарады. Баршаңызға сәтті бастау, спорттық жігер, әріптестеріңіздің қолдауы және жеңісті мәреге жетуді тілеймін, – деді спартакиада қатысушыларын құттықтаған Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов.
Жеке есепте атыс бойынша бірінші орынды Павлодар қаласы полиция басқармасының оңтүстік полиция бөлімінің қызметкері Нұрсерік Айтжанов иеленді. Екінші орынға облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкері Асылбек Смағұлов көтерілсе, үшінші орынды Аққулы ауданының полиция бөлімінің қызметкері Талғат Жақсыбаев иеленді.
Жүзуден облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкері Владислав Ермолаев жеңімпаз атанды. Екінші орынға Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкері Нұрболат Мейрашов, үшінші орынға облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкері Михаил Пьянзин ие болды.
Кермеге тартылудан тартысты бәсекеде Павлодар қаласы полиция басқармасының қызметкері Данияр Баймағамбетов сенімді жеңіске жетті. Екінші орынды солтүстік полиция бөлімінің қызметкері Айдын Сәлімбеков, үшінші орынды облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкері Владислав Ермолаев иеленді.
Арқан тартуда жеңіске жетудің басты кепілі – қатысушыларды дұрыс орналастырып, командалық үйлесімділікті тиімді пайдалану. Бұл бағытта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының командасы үздік нәтиже көрсетіп, алтын медальға ие болды. Күміс медаль аудандық полиция бөлімдерінің құрама командасына бұйырса, қола медальді Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасы иеленді.
Спартакиаданың ең тартысты әрі көрерменге әсерлі кезеңдерінің бірі шағын футбол жарысы болды. Бірлескен ойын өрнегі мен допты шебер меңгеруімен оңтүстік полиция бөлімінің командасы ерекшеленді. Екінші орынды ҰҚҚКБ командасы, үшінші орынды Павлодар қаласы полиция басқармасының командасы иеленді.
Футбол жарысының қорытындысы бойынша жекелеген аталымдарда үздік ойыншылар да анықталды. Үздік ойыншы – Медеу Бейсембаев, үздік шабуылшы – Қанат Жұмабеков, үздік қақпашы – Досжан Алтаев, үздік қорғаушы – Ерден Бибол атанды.
Жалпы командалық есепте жеңімпаз атанған оңтүстік полиция бөлімінің командасына бас жүлде – автокөлік табысталды. Екінші орынға облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының командасы, үшінші орынға облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының командасы ие болды.
Жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар, полиция бөлімшелері қызметкерлерінің командалық өзара іс-қимылын нығайтып, жеңіске деген жігерін шыңдауға және жоғары деңгейдегі дене дайындығын көрсетуге мүмкіндік берген маңызды іс-шара болды.