Павлодарда жедел жәрдем көліктерінің GPS бақылауындағы тиімділгі қандай?

Павлодарда жедел жәрдем көліктерінің GPS бақылауындағы тиімділгі қандай?
Фото: Әсет Темірбаев

Жүйе жолдағы қауіпсіздікті арттыру бағытында енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын бақылайтын GPS жүйесі төрт жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде облыс бойынша 109 жедел жәрдем автокөлікке навигациялық құрылғылар орнатылған.

Облыстық жедел жәрдем бөлімшесінің бас инженері Серік Ішмановтың айтуынша, бағдарлама жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жетілдірілген.

Жолдағы апаттардың алдын алу үшін арнайы GPS құрылғысын жетілдірдік. Егер жедел жәрдем көлігі жылдамдықты асырса, жүйе бұл туралы бірден хабарлама жібереді. Мысалы, көлік сағат 10:00-де Екібастұз қаласындағы Пушкин көшесінде сағатына 72 шақырым жылдамдықпен жүргені туралы ақпарат келеді. Бұл хабарлама пайдалану жөніндегі инженерлер тіркелген арнайы Telegram-арнаға да түседі, – деді Серік Ішманов.

Бас инженердің сөзінше, кейін жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Егер бригада шұғыл емес шақыртудан қайтып келе жатқан болса немесе жолда ерекше жағдай болмаса, жылдамдықты асыру себептері түсіндіріледі.

Бұл жерде ешқандай жаза қолданылмайды. Жүйе полициямен байланысты емес. Біз жедел жәрдем көліктерінің қайда және қалай қозғалып жатқанын өзіміз бақылап отырамыз. Негізгі мақсат – жүргізушінің, медицина қызметкерлерінің және тасымалданатын науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді ол.

GPS мониторингі жедел жәрдем қызметіндегі көлік қозғалысын бақылап қана қоймай, жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттыруға және жол қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, жуырда 70 жастағы әйелді Академик Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде реаномобиль көлігі қағып кетті. Жедел жәрдем бригадасы бірінші санаттағы шақыртуға бара жатқан.