Бес мың павлодарлық сүйек кемігі донорларының тіркелімінде тұр

Бес мың павлодарлық сүйек кемігі донорларының тіркелімінде тұр
Фото: автор

Облыстық қан орталығында Дүниежүзілік гемопоэтикалық бағаналы жасушалар донорлары күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл күн жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде аталып өтеді. Биылғы ресми күн – 20 қыркүйек болса да, аймақтағы шара алдын ала ұйымдастырылды.

Жалпы тәжірибелік дәрігер Меруерт Каденованың айтуынша, акция 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – ерікті донорлықты насихаттау және нақты донор атанған азаматтарды марапаттау.

– Павлодар облысында бес мыңға жуық адам гемопоэтикалық бағаналы жасушалар донорларының регистрінде тұр. Дегенмен, сәйкес келу жағдайлары өте сирек кездеседі. Бүгінгі күнге дейін өңірімізден екі ғана донор нақты трансплантация жасап, тағы бір азамат дайындық үстінде. Ал республикалық регистрде 13 мыңнан астам қазақстандық тіркелген. Салыстырмалы түрде айтсақ, Германияда бір науқасқа 15 донордан келсе, бізде мың адамға бір донордан да аз келеді, – дейді  Мерует Каденова.

Ол сондай-ақ елімізде жыл сайын шамамен 1600 адамға, оның жартысы балаларға, лейкоз және басқа да онкогематологиялық аурулар диагнозы қойылатынын атап өтті.

– Олардың көбіне гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды (сүйек кемігін) трансплантациялау – өмір сүрудің жалғыз мүмкіндігі, – дейді маман.

Қан орталығының донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Сауле Игібаева биылдың өзінде өңірден 75 жаңа донор тіркелгенін хабарлады.

– 2025 жылы біз үш рет – қаңтарда, ақпанда және шілдеде Астанаға донорларды жібердік. Ал регистр құрылғаннан бері бес мыңға жуық павлодарлық оның қатысушысы атанды, – деді ол.

Мерекелік шарада донорларға Алғыс хаттар табыс етіліп, олардың еңбегі ерекше атап өтілді. Солардың бірі – павлодарлық Ержан Досымжанов. Ол Мәскеу қаласында тұратын төрт жасар қызға өмір сыйлап, гемопоэтикалық бағаналы жасушалар доноры болды. Бала бүгінде толыққанды өмір сүріп жатыр.

– Донор болу қиын емес. Денсаулыққа да ешқандай зияны жоқ. Бар болғаны қаныңды алып, арнайы аппарат арқылы қажет жасушаларды бөліп алады да, қаныңды қайта өзіңе жібереді. Барлығы екі-үш сағат қана уақыт алады. Әрине, алғашында қорқынышты болды. Бірақ туыстарыммен, медицина саласындағы достарыммен ақылдастым. Олар бұл қауіпті емес екенін айтты. Сол кезде толық түсініп, келісім бердім. Ең бастысы – осындай қадам бір, тіпті бірнеше адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін. Сондықтан қорықпай, батыл шешім қабылдауға шақырамын, – деді Ержан Досымжанов.

Сонымен қатар, іс-шара аясында 5–11 сынып оқушылары арасында сурет байқауы жарияланғаны айтылды. Үздік жұмыстар облыстық қан орталығының Instagram парақшасында жарияланып, 19 қыркүйекте онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – ерікті өтеусіз донорлықты насихаттау, халыққа гемопоэтикалық бағаналы жасушалар (сүйек кемігі) донорлығының қауіпсіздігі мен маңыздылығын түсіндіру.