Павлодарда жер учаскесі туралы өтінішті кешіктірген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды

Павлодарда жер учаскесі туралы өтінішті кешіктірген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әйел адамның құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, қыркүйек айында Павлодар қаласының жергілікті атқарушы органы тарапынан жер қатынастары саласында көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын бұзудың жаппай жағдайлары анықталған.

«Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» қызметінің нәтижесі жер учаскесіне құқық беру туралы шешім немесе қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту болуы тиіс. Алайда, жергілікті атқарушы орган белгіленген талаптарды орындаудың орнына іс жүзінде бас тарту қызметін көрсетпестен аралық жауаптар берген. 

– Қала тұрғыны Павлодар қаласының аумағында жер учаскесін алу үшін жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органға жүгінген. Осы уақытта қызметті беруші қызмет нәтижесін берудің орнына өтініш берушіге оның өтініші кейінірек қаралатыны туралы аралық жауап жолдаған, – дейді департаментте.  

Департамент әрекет еткеннен кейін әйел адамның құқықтары қалпына келтірілді, оған жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы қаулы берілді. Кінәлі лауазымды адамдар, оның ішінде көрсетілетін қызметті беруші органының басшысы әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, 2023-2024 жылдар аралығында осыған ұқсас 480-ден астам жағдай тіркелген.

Қазіргі уақытта департаменттің бастамасы бойынша көрсетілетін қызмет беруші азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдады.

Ведомство жанында 208506 сенім телефоны жұмыс істейді, оған азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде туындаған проблемалық мәселемен, сондай-ақ «Уәкілетті органға жүгіну» бөліміндегі «EgovKzBot2.0» бот-платформасы арқылы Telegram мобильді қосымшасында шағым бере алады.