Павлодарда жиырма шақты алаяқтық жасаған тұрғын бес жылға сотталды

Павлодарда жиырма шақты алаяқтық жасаған тұрғын бес жылға сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Радикалды діни көзқарасты ұстанған павлодарлық сегіз миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Павлодарда радикалды діни көзқарасты ұстанған жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген залал сегіз миллион теңгеден асты. Сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жыл басынан бері елімізде діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, олардың құрамындағы 64 адам ұсталды. Олар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан.

– Діни сенімдер қылмысты, зорлық-зомбылықты және араздықты қоздыруды ақтау үшін негіз бола алмайды. ІІМ азаматтарды қорғау, қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және зорлық-зомбылық пен діни үстемдік идеологиясының таралуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.

Жалпы ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты ашты. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, үш суық қару, жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Мұндай қылмыстық топтардың қызметі Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында да анықталған.