Павлодарда жылына үш мыңға жуық адам астигматизмнен тексеріледі
Мамандар көру қабілетіндегі өзгерісті дер кезінде анықтау маңызды екенін ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астигматизм – көздің сыну аномалияларының бірі. Бұл кезде көздің қасаң қабығы немесе бұршағының әртүрлі меридиандарындағы оптикалық күші бірдей болмайды. Соның салдарынан жарық сәулелері торлы қабатқа бір нүктеде жиналмай, адам айналасындағы заттарды анық көре алмайды. Павлодар облыстық ауруханасында жылына осы диагнозбен және миопия, гиперметропия сияқты өзге де көру ақауларымен екі-үш мыңға жуық науқас қаралады. Ал жылдың алғашқы он айында бөлімшеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 3482 науқас ем қабылдап, 3222 адамға ота жасалған. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша 32 науқас емделіп, 21 операция жүргізілген.
Павлодар облыстық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің дәрігері Әйгерім Жұматаеваның айтуынша, астигматизм пайда болуына, түріне және рефракция ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлінеді.
– Пайда болуына қарай астигматизм қасаң қабыққа немесе көз бұршағына байланысты болуы мүмкін. Түріне қарай дұрыс және кері астигматизм деп бөлінеді. Ал рефракциясына байланысты қарапайым миопиялық, күрделі миопиялық, қарапайым гиперметропиялық, күрделі гиперметропиялық және аралас түрлері бар, – дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, астигматизм көбіне балалар мен жасөспірімдерде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы профилактикалық тексерулер кезінде анықталады. Алайда дер кезінде түзетілмесе, ересек жаста да сақталуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне алыстағы заттарды анық көрмеу, бейнелердің тұманданып, бұлдырауы жатады. Бұған қоса, цифрлық құрылғыларды жиі пайдалану, компьютер алдында ұзақ отыру көзге түсетін салмақты арттырады. Дегенмен дәрігер астигматизмнің нақты қаншалықты өскені жөнінде статистикалық мәлімет келтіре алмайтынын атап өтті.
– Ең алдымен толық офтальмологиялық диагностикадан өту қажет. Тексеру нәтижесіне қарай көру қабілетін көзілдірікпен, контакт линзамен немесе лазерлік коррекция арқылы түзетуге болады. Сонымен қатар, торлы қабаттың жағдайын бақылау маңызды. Оның әлсіздігі асқынуларға, соның ішінде жыртылу мен ажырауға әкелуі мүмкін. Сондықтан жылына кемінде бір рет диагностикалық тексеруден өткен жөн, – дейді Әйгерім Жұматаева.
Дәрігердің айтуынша, астигматизмнің өзі әрдайым операцияны қажет етпейді. Егер көру көрсеткіштері тұрақты болса, дұрыс таңдалған коррекция арқылы жағдайды бақылауда ұстауға болады. Ал миопия немесе гиперметропиямен қатар жүріп, үдемелі сипат алса, науқас жарты жылда бір рет офтальмологқа қаралуы керек.
Атап өтерлігі, бұл ауруханада 18 жастан асқан науқастар қабылданады. Ал кәмелетке толмаған балалар облыстық балалар ауруханасында тексеріледі. Ересектерге медициналық-әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында толық диагностикалық зерттеулерден өтуге мүмкіндік бар.
Маман лазерлік коррекция астигматизмді толық емдейтін әдіс емес екенін де ескертеді. Процедура қасаң қабықтың қисықтығын өзгертіп, көруді түзетуге көмектеседі. Бірақ көз алмасының құрылысы мен торлы қабаттың бұрынғы ерекшеліктері сақталады.
Сондықтан лазерлік операциядан кейін де офтальмологтың бақылауында болып, жылына кемінде бір рет көзді тексертіп тұру қажет.