Павлодар облысында қазалы үйде қонақасын беру рәсімі бір жүйеге келтіріледі
Ол үшін арнайы құжат қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс өкілдігінің ұйымдастыруымен қала мешітінің имамдары, зиялы қауым, ақсақалдар, ардагерлер, жастар және орта буын өкілдері, облыстық дін істері басқармасының лауазымды қызметшілерінің қатысуымен жиын өтті. Кездесу барысында ҚМДБ-дан бекітілген «Ас беру мәдениеті» құжаты шеңберінде қазалы үйде қонақасы берудің тәртібі туралы кең көлемде ой-пікірлер тыңдалды.
Бүгінгі таңда қазалы үйде қонақасы беру салты қарапайым өмір әдебі тұрғысынан да, шариғи тұрғыдан да шектен шығып, ысырапшылыққа жол беріліп келе жатқаны туралы айтылды. Бұл күні тіптен марқұмның жаназасын шығару, жетісін, қырқын беруден де көп шығын шығатыны, қазалы үйге рухани тұрғыдан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да үлкен салмақ түсіретіні туралы көптеген мысал, дәлелдер ашық айтылды.
Осыған орай басқосуға қатысқан алқалы топтың атынан облыс халқына арнайы үндеу қабылдау жөнінде келісілді.
– Бұл үндеу арқылы алдағы уақытта марқұмның үйінде қонақасын беру рәсімін бір қалыпқа түсіретін, ысырапты барынша тежейтін, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылданады, – дейді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Жиында үндеудің жобасы оқылып, оны уақыт ұттырмай көптің талқысына салып, ұсыныстар қабылдау туралы шешім шығарылды.