Павлодарда бес адам жол апатында жарақат алды
Ауа райының өзгеруіне байланысты тек соңғы тәулікте облыс жолдарында 30 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, салдарынан бес адам жарақат алған. Оның ішінде 22 факті Павлодарда орын алды.
– 23 қазанда сағат 20.50 шамасында облыс орталығында Солтүстік өнеркәсіптік аймақтағы жанармай құю бекетінің жанында бетон араластырғыштың жүргізушісі бордюрлерді бұзып өтті. Тағы бір жағдайда сағат 15.45-те Нұрмағамбетов көшесі, 114 мекенжайы бойынша жолда «Land Cruiser Prado» және «Lucida» маркалы екі автомобиль соқтығысқан. Салдарынан бірінші автокөлікте болған жолаушы әйел адам ауруханаға жүгінді, – деді департаментте.
Барлық оқиғалар бойынша тексерулер жүргізілуде. Полицейлер 144 жол жүру ережелерін бұзу фактісінің жолын кесті, барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды.
Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жолдарда мұқият және сергек болуды сұрайды.