Асайын Байханов павлодарлықтарды ел үшін маңызды күнмен құттықтады

Асайын Байханов павлодарлықтарды ел үшін маңызды күнмен құттықтады
Фото: Валерий Бугаев

Аймақ басшысы бұл күннің ел тарихындағы айрықша орны бар екенін атап өтіп, тәуелсіздік жолында күрескен азаматтарға тағзым білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, 1991 жылғы 16 желтоқсан – азат ел болуды мақсат еткен халқымыздың тарихи таңдауы жүзеге асқан күн. Сол кезеңде қазақстандықтар өзара сыйластыққа, дәстүрге құрметке, сенім мен түсіністікке негізделген даму бағытын таңдады. Бұл құндылықтар елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға берік негіз болды.

Өңір басшысы тәуелсіз мемлекеттің болашағы әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Елді дамытуға адал еңбек пен туған жерге деген жанашырлық қажет екенін жеткізді. 

Сондай-ақ, Павлодар облысының еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде облысымыз ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Жүзеге асыруға болатын жобалар бар, мүмкіндік те жеткілікті. Ең бастысы - туған жеріне бейжай қарамайтын, елдің ертеңі үшін жауапкершілік сезінетін адамдар, –  деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы тұрғындарға бейбіт өмір, бірлік пен береке тілеп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына әр азамат өз үлесін қоса беретініне сенім білдірді.