Павлодарда жүзге жуық балалар ойын алаңы неліктен орнатылмады?
Қала әкімі Хасар Хабылбеков бұл жағдайдың басын ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биылғы жылдың басында облыс бюджетінен жаңадан 182 балалар ойын алаңын салу үшін қаражат бөлінген еді. Бұл жұмыстарды орындауға екі мердігерлік ұйыммен келісім жасалды–«Дисконт» ӨК мен «Компания строй индустрия» ЖШС. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жұмыстардың жоспарға сай емес жүріп жатқанын атап өтті.
–Облыс орталығын абаттандыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі – жаңа балалар ойын алаңдарының құрылысы. Бірақ, өкінішке орай, тұрғындар үшін маңызды жобаны жүзеге асыруда күрделі мәселелер бар екенін мойындауымыз керек,– деп жазды қала әкімі өзінің жеке инстаграм парақшасында.
Оның сөзінше, «Дисконт» ӨК-мен жасалған 32 балалар ойын алаңы белгіленген мерзімге сай аяқталып келе жатыр. Ал мердігер «Компания строй индустрия» ЖШС-мен келісім-шартта көрсетілген 150 балалар ойын алаңнның ішінде бүгінге дейін аяқталған бірде-бір абаттандыру жобасы жоқ. Аталған мердігерлік ұйыммен келісім-шарт биылғы жылдың мамыр айында жасалды.
–150 балалар ойын алаңның ішінен тек 92-да ғана бетон негізі құйылған, бұл көптеген қолайсыздықтар тудыруда және балалар үшін де қауіпті. Осы жұмысқа қатысты тұрғындардан көптеген шағымдар түсіп жатыр, олар орынды,– деп түсіндірді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі ТҮКШ бөліміне басқа ойын алаңдарында жаңа бетон негіздемесін салуға рұқсат бермей, құйылған негіздемелердегі жұмыстарды барынша тезірек аяқтауды тапсырды.
–Қыс мезгілі жақындап келе жатқандықтан, суық мезгілде мұндай жұмыстарды жүргізу дұрыс емес,– деп жазды Хасар Хабылбеков.
Шаһар басшысы қала әкімдігінің атынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, биыл аяқталмаған балалар ойын алаңдарын 2024 жылдың көктемінде бірінші кезекте орнатуды уәде етті.