Павлодарда «жұмыстан кейін демалғандар» жазаланды
Жыл басынан бері өңірде үш мыңға жуық азамат құқық бұзушылық үшін жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақтың полиция қызметкерлері азаматтардың тыныштығын бұзушыларды жауапқа тарту жұмыстарын жалғастыруда.
– Жыл басынан бері облыстың 2821 азаматы осындай құқық бұзушылықтары үшін жазаланды. Мысалы, 102 жедел басқару орталығы операторының пультіне сағат 04:40-та Қабдеш Нұркин көшесі, 70/1-үй ауласында екі азамат мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция экипажы келгеннен кейін «жұмыстан кейін демалған» ер адамдар анықталды. Тыныштықты бұзушылар жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды, – деді қалалық полиция басқармасында.
Тәртіп сақшылары тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылғанын еске салады. Бір жыл ішінде қайтадан бұзған жағдайда – 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде. Жұмыс күндері 22:00-ден 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау қажет.
Полицейлер азаматтарды тәртіпті сақтауға, жанында тұратындардың мүдделері мен құқықтарын ескеруге, айналада болып жатқан және аса ауыр қылмыстарға жол ашатын ұсақ бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікке шақырады.