Павлодарда зират маңына қоқыс төккен жүргізуші жауапқа тартылды
«Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясы аясында өңірде заңсыз полигондарға қарсы рейд жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша күшейтілген рейд жүргізуде.
Осындай оқиғалардың бірі Суворов зиратының маңында орын алды. Полицейлер Газель автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Ол құс саңғырығын белгіленбеген жерге төгіп, абаттандыру қағидаларын өрескел бұзған.
– Рейдтік іс-шара барысында қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келетін абаттандыру қағидаларын өрескел бұзу дерегінің жолы кесілді. Барлық құқық бұзушылық материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардың мақсаты – құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, өңір тұрғындарының табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Өңір полициясы заңсыз қоқыс орындарын ұйымдастыру экологияға және азаматтардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретінін еске салады. Заң талаптарын бұзғаны үшін қатаң әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.