Павлодарда қалалық бюджеттің кіріс бөлігі ұлғайды

Павлодарда қалалық бюджеттің кіріс бөлігі ұлғайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Депутаттар қала бюджетін есептеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Павлодар қалалық мәслихатының кезектен тыс XX сессиясында депутаттар «Павлодар қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселені қарады.

Нақтылаудың негізгі себептері жоғары тұрған бюджеттерден нысаналы трансферттер мен ішкі қарыздар көлемін өзгерту бойынша жүргізілген түзетулер болып табылады.

– Жалпы, 2024 жылға арналған нақтыланған қалалық бюджеттің көлемі 253 368,8 миллион теңгені құрады. Бұдан басқа, қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 3 202,3 миллион теңге сомасына ұлғайтылды,– деді қалалық мәслихатта.

Сонымен қатар, «Достық» көппәтерлі тұрғын үй кешенін салуға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы келісім шарттардың жобаларын келісу туралы мәселе қаралып, талқыланды.

Павлодар қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес оңтүстік бағытта әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілері бар көп қабатты кешендер салу үшін саяжай учаскелерін алып қою есебінен болжанады. Осыған байланысты «Строитель» бау-бақша серіктестігінде 14 жер учаскесін алып қою рәсімі басталды.

Сессияның барлық мәселелері мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында алдын ала қаралып, жұмыс қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды.