Павлодарда қандас мәртебесін алу талаптары күшейтілгені сөз болды
Павлодар облысына 1998 жылдан бері 23 мыңға жуық қандас көшіп келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына 1998 жылдан бері 23 мыңға жуық қандас көшіп келген. Жаңа пилоттық жоба бойынша қандастарға мәртебе алу және Қазақстанда тұрақты тұру үшін бірқатар жаңа талап қойылды. 2026 жылғы 14 қаңтардан бастап шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру, сондай-ақ қандас мәртебесін беру және ұзарту қызметтері пилоттық режимде жаңа тәртіппен көрсетіле бастады.
Павлодар облысы бойынша көші-қон бөлімінің басшысы Дулат Молдагельдиновтің айтуынша, жаңа талаптар этникалық қазақтарға ғана емес, Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті басқа шетел азаматтарына да қатысты. Өтініш беруші алдымен enbek.kz порталында тіркеліп, қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін kaztest.kz арқылы тест тапсырады. Бұдан бөлек, арнайы сауалнама толтырады.
Одан кейін өтініш беруші туралы мәліметтер Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті тексеруінен өтеді. Барлық кезеңнен өткен соң әңгімелесу жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша қандас мәртебесін беру немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар өтініш беруші өзінің банктік және кредиттік міндеттемелері туралы мәліметтерді жинауға, өңдеуге және тексеруге келісім береді.
Жаңа тәртіптегі маңызды талаптардың бірі – жеке есепшотта 1300 АЕК көлемінде қаражаттың бар екенін растау. 2026 жылы бұл шамамен 5,7 миллион теңге. Қандас мәртебесін алғаннан кейін Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берілген азаматтар белгіленген жеті өңірдің біріне қоныстануы тиіс. Жаңа талап бойынша осы өңірлердің бірінде кемінде бес жыл тұру қажет. Бұған дейін мұндай бес жылдық талап болмаған.
Мемлекеттік қолдау шаралары да бірден берілмейді. Мысалы, субсидия үш айдан кейін, тұрғын үйді жалдау ақысына төлем алты айдан кейін, зейнетақы аударымдары түскен жағдайда ғана қарастырылады. Ал экономикалық сертификат бір жылдан кейін беріледі.
Бұл талаптар Қазақстанға жаңадан келген және елде тұрақты тұруға өтініш білдірген адамдардың нақты өңірге орнығып, еңбек етуін көздейді.
Павлодар облысына 1998 жылдан бері шамамен 23 мың қандас қоныс аударған. Ал 2014 жылдан бері олардың саны 16 мыңға жуықтаған. Мамандардың мәліметінше, осы жылдар ішінде облысқа қоныстанған қандастардың шамамен алты пайызы кейін басқа өңірлерге көшіп кеткен. 2026 жылдың басынан бері Павлодар облысына 377 қандас қоныс аударған.
Жаңа пилоттық жоба қандастардың ғана емес, Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті басқа шетелдіктердің де елге келу тәртібін өзгертеді. Сонымен бірге кәмелетке толмағандар, әрекет қабілеті жоқ адамдар, бұрынғы отандастар, отбасын біріктіру мақсатында келген 60 жастан асқан адамдар және Қазақстан азаматтарымен немесе елде тұрақты тұратын адамдармен отбасын біріктіру үшін келген тұлғаларға бірқатар жаңа талаптар қолданылмайды.