Павлодарда «Қара» драмасы сахналанды
Еліміздің бас театры өңірімізде алғашқы гастролдік сапарын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры Абай Құнанбайұлының «қара сөздері» негізіне алынған «ҚАРА» драмалық қойылымын көрермендердің назарына ұсынды.
Жиында аталмыш драманың көркемдік жетекшісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов гастрольдік сапардың шымылдығын ашып, сөз сөйледі.
Спектакль пікірталас формасында қойылған. Ондағы жалғыз кейіпкер – Абай және оның ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, көрермендерді шеберлік актерлігімен тамсандырған отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді.
Қойылымды облыс әкімі Асайын Байханов пен қала тұрғындары, қонақтары, ұстаздар мен студент жастар келіп, тамашалады.
Сондай-ақ, қойылым соңында аймақ басшысы сахнада өнер көрсеткен өнерпаздарға жылы ілтипатын білдіру мақсатымен гүлшоқтарын табыстады.
Бұдан бөлек, көрермен қауым да сахна төріндегі М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ұжымына құшақ-құшақ гүлдер сыйлап, қошемет білдірді.
Айта кетейік, 12 мамыр күні «Еңлік-Кебек» трагедиясы, 13 мамыр күні Бернард Шоудың «Пигмалион» пьесасының желісімен «Сүйікті менің періштем» комедиясы сахналанады. Ал 14 мамыр күні Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасымен түйінделеді.